"Бурабай" колледж мекемесі
Учреждение колледж "Бурабай"

Біз әлеуметтік желіде

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Өлең – сөздің патшасы

10.03.2018

Өлең– сөздің патшасы

«Өлең – өнердің ең биік тәжі» - дейді Гегель. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы да «Әдебиет танытқышында» көркем өнер атаулыны бейнелеу өнері, сәулет өнері, әуез өнері (музыка), мүсін өнері және сөз өнері деп беске бөліп, олардың ішінде сөз өнерінің, яғни поэзияның алатын орны ерекше екенін білдіріп өтеді.

Поэзия – бекзат өнер. Поэзия – шығармашылық тұлғаның рухани жетілуі мен байи түсуіне көмек беретін мүкәммал. Сондықтан, поэзияға, шығармашылыққа оқу үрдісінде ерекше мән берген дұрыс болады. Сонау б.з.б. 4 ғасырда, Платонның заманында антикалық мектептер төрт пәнді – гимнастиканы, музыканы, математиканы және ПОЗИЯНЫ ғана оқытатын. Осы төрт пәннің өзі адамзатқа антикалық ұлы ойшылдарды сыйлады. Осыған сүйене отырып, қазіргі заман ағымында поэзияны жеке пән ретінде оқытпасақ та, білім беру және тәрбиелеу үрдісінде оның маңызын ескере білген жөн деген тұжырымға келеміз.

Ежелгі Қытайда жоғары мемлекеттік лауазымға біреуді тағайындар алдында сол лауазымға үміткерлер өлең шығарудан емтихан тапсыратын болған екен. Дүниені танып, жаратылыстың қыр-сырын меңгеруге ерте ден қойған қытайлықтар шығармашылықтың адамның ой санасына тигізер ықпалы зор екенін түсінген ғой, сірә.

Шынымен де, шығармашылықпен, әсіресе поэзиямен айналысатын адамның ойлау қабілеті өзге адамдарға қарағанда жоғары болады, шығармашылық адамы әрдайым стандартты ойлаудан, сыртқы ортаға тәуелді болудан қашады, үнемі тығырықтан шығудың креативті жолдарын іздейді, ондай адамның санасы еркін, ойы ашық болады, қарамағындағыларды өзімен баурап алады.

Осы орайда өскелең ұрпақтың шығармашылығына мән беру олардың рухани жетілуіне, тұлғалық қабілеттерінің қалыптасуына септігін тигізеді. Орыс әдебиетшісі В.Брюсов былай дейді: «Егер поэзия тұнық ақыл мен биік талғамның жетегінде болса, ол өз иесіне көп нәрсені үйретеді. Шынайы шығармашылық ізденіс ақынның ой-сана көкжиегін кеңейтеді».

Поэзия – тек өз ойыңды, ішкі сезімдеріңді білдірудің ғана емес, сонымен қатар дүниені танудың ерекше түрі. Сондықтан, білім беру және тәрбиелеу ісінде шығармашылықты, студенттердің өнерін айрықша бағалап отырғанымыз жөн болады.

«Бурабай» колледжінде «Атамекен» үйірмесі жұмыс істеп келеді. Бұл үйірме колледж жастарының қазақ тілін үйренуге деген ынтасын оятып, шығармашылық шабыттарын ұштауды мақсат етеді, шығармашылықпен айналысатын колледж студенттерімен жұмыс жасап, оларға өлең шығару техникасын, ұйқас, буын-бунақ,

шумақ ережелерін үйретеді. Осындай студенттеріміздің бірі – Ғалымжанова Адэль.

Адэль тек сабақта өз қабілеттерін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар колледждің қоғамдық өміріне белсене араласып келеді, колледждің ЖІЖК төрайымы болып табылады, қалалық, облыстық жастар арасындағы форумдар мен дөңгелек үстелдерге, тренингтер мен семинарларға, кездесу кештеріне, тәрбиелік іс-шараларға үнемі қатысып отырады. Біздің ойымызша, Адельдің бұндай белсенділік танытуына оның шығармашылық болмысы, рухани дәрежесінің биіктігі себепші болған сияқты. Өйткені, шығармашылық қабілеттің жетілуі жастардың үлкен

жетістіктеріне жол ашады.

Біз колледж жастарының шығармашылық өнеріне бақылау жасап отырамыз, олардың ізденістеріне бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңестермен бөлісеміз. Колледж оқытушылары Адэльдің өлеңдерін оқып, оларға талдау жасауға тырыстық. Өлеңдерінің алғашқы жолдарынан-ақ айрықша таланттың қылаң беруіне куә болдық. Студентіміздің мына өлеңіне назар аударайық:

Мен көрдім, ана, табиғаттың көркем, асыл мекенін,

Талдар менен орман, ағаш жалындаған көктемін,

Жанға жақын талай жанмен жақындасып, тілдестім,

Бірақ, ана, білесің бе, саған ешкім жетпеді.

Жетпейді ғой өсиеті, айтқан ақыл сөздері,

Мен үйренгем сені тыңдап, айтқаныңмен жүргенді,

Сұрасам да іздеп жүріп, берген сенсің тәрбие,

Бір де пенде көрмеген ғой, олар тіпті білмейді.

Білмейді олар сен сыйлаған асыл арман, бақытты,

Сезбейді ғой жылуыңды, асып-төккен шаттықты,

Сонда, ана, білесің бе? Мен адаммын бақытты,

Өйткені сен сыйлағансың өмідегі барыңды.

Байқап отырғаныңыздай, Адэль өз өлеңінде адами құндылықттарды, адам болмысына хас ұлы сезімдерді бояуы қанық, тілі бай ақындық қуаты бар өлең жолдарымен әдемі өрнектей білген, өз өлеңдерінде адамгершілікті, өмірдің жарқын бейнелерін, әр адамның жан сарайынан орын алған қарапайым да ұлы сезімдерді рухани өзек етіп алады. Бұл, әсіресе бүгінгі таңда, қазіргі жастар арасында біртіндеп сирей бастаған қарапайым адами құндылықтарды, көктеменің лебіндей адам жанының жылылығын дәріптейтін өлең, сонысымен құнды, сонысымен әдемі. Студентімізге шығармашылық табыс, талмас талант тілейміз!

Просмотров: 413


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст