Желтоқсан айының жиырмасы күні біздің «Атамекен» атты үйірмеміздің мүшелері Қалалық қазақ кітапханасына бардық. Бұл шағын болса да мәні терең саяхатымызға колледжіміздің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Серғазы Қайырболды жетекшілік етті. Ол сабақтан тыс уақытта үйірме мүшелерін ұйымдастырып, бізді аталмыш кітапханаға алып барды. Бұл кітапхана маған қатты ұнады, басқа кітапханаларға қарағанда бұл кітапхана өте жайлы, атмосферасы жағымды көрінді. Кіре сала бізді кітапхана меңгерушісі Жанар Жорқабайқызы мен кітапхана қызметкері Маржангүл Тілектесқызы жылы шыраймен қарсы алып, ұйымдастырылып отырған кітап көрмелерімен таныстырды. Біздің ең әуелгі тамашалаған көрмеміз «Көзімнің ішіне көк туым желбіреп» деп аталады екен. Кітапхана қызметкерлері бұл атауды бір кездері сол кітапханаға жетекшілік еткен Республикаға танымал жергілікті ақын, бүгінгі күндері «Әдебиет порталының» директоры Бауыржан Қарағызұлының өлеңінен алынған өлең жолы екенін айтты.
Аталмыш көрмеде Отанымыздың даму жолын, болашаққа бекіткен стратегияларын түсіндіретін маңызды кітаптар мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі жазған кітаптары жинақталған екен. Бұл көрмедегі кітаптармен танысу арқылы біз өз еліміз жайлы бұрындары білмеген көптеген мәліметтер алып, отансүйгіштік рухымызды көтердік
деп ойлаймын.
Келесі тамашалаған көрмемізде Көкше елінің әдеби мұрасы жинақталған. Онда кешегі Ақан сері, Біржан сал,
Орынбай Бертағыұлы өлеңдері жинақтарынан бастап, бүгінгі Көкшетаулық жас ақын-жазушылардың әдеби шығармаларына дейін біршама қызықты кітаптар қойылған. Шыны керек, біз өз өлкеміздің осыншалықты бай әдеби мұрасы бар екенін бұрын білмеген едік, осы көрменің арқасында біз жергілікті ақын-жазушылар Көкен Шәкеев, Төлеген Қажыбай, Жабал Ерғалиев, Алмас Темірбай, Құдайберлі Мырзабек, Қуаныш Оспан, Мерген Тоқсанбай шығармаларымен танысып, өзімізге біршама рухани азық алдық.
Кітапханада ұйымдастырылған келесі көрме тіпті қызықты болды. Бұл көрмеде күллі әлем әдебиетінің інжу
маржандары, халықаралық Нобель сыйлығын иелеген көрнекті ақын-жазушылардың кітаптары қойылған, барлығы жаңа, мұқабасы тартымды, танымал баспалардан шыққан кітаптар екен. Өзімді осы көрмедегі көп кітаптың ішінен Уильям Голдингтың «Повелитель мух» атты кітабы мен Ф.М.Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» атты романы қатты
қызықтырды, ал үйірмеміздің мүшесі, менің досым Канапин Жасұлан атақты қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» романын оқуға қызыққанын айтты.
Қалалық қазақ кітапханасының бізге ұнаған бір қыры – оның жайлылығы. Басқа кітапханалармен салыстырғанда бұл кітапхана кітап оқып, бос уақытты демалыспен өткізуге таптырмайтын орын екеніне көзіміз жетті.
Көрмені тамашалағаннан кейін біз кітапхана ішін аралап, оның кітап қорымен таныстық, өз мамандығымызға қатысты да біршама оқулықтар мен ғылыми еңбектерді таптық. Бұл шағын саяхатымыздың нәтижесінде әрқайсымыз өзімізге ұнаған кітаптарды алып зор шабытпен, көтеріңкі көңіл-күймен үйлерімізге оралдық.